ҚазҰУ-да инклюзивті цифрлық платформа әзірленді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде инклюзивті цифрлық платформа әзірленді. Жоба мүмкіндігі шектеулі студенттердің білім алуына және университет өміріне белсенді қатысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Әзірлеме ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті студенттерінің өндірістік тәжірибесі аясында жүзеге асырылды. Бастамаға ҚазҰУ-дың Ақпараттық технологиялар департаменті мен Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты қолдау көрсетті.

Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры Диляра Урманованың айтуынша, бұл – Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі студенттердің тікелей қатысуымен жүзеге асырылған алғашқы толыққанды жоба.