Жоғары оқу орындарының сапасын сөз еткенде, өзіміздікін жерге ұрып, шетелдікін мақтаймыз. Неге? Статистикаға сүйенсек, бакалавр атанғандардың 60 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мемлекеттік грантпен білім алғандар бюджеттің ақшасын желге ұшыруда. Ал «дипломы бар» атану үшін ақылы оқығандар тәуір жұмыс таппай сандалып жүр. Оған себепші біліксіз кадр, бірсарынды оқытушылар ма, әлде жүйенің жүйесіздігі ме? Қазір жастар жағы 4 күндік тренингтерге қатысып, үйден шықпай-ақ ақша тапқысы келеді. 4 айлық курс оқып, кәсіби маманға айналғандары да аз емес. Қысқа мерзімді оқыту – бүгінгі еңбек нарығының талабы. Әлде бізде оқытушылардың сағатын көбейту үшін оқу жылын ұзартқаннан басқа амал жоқ па? Университеттер нені түсінуі тиіс? Түлектер биыл қандай мамандық түрін таңдаса ұтылмайды? Аталмыш сұрақтар төңірегінде «Жаңа мамандықтар атласының» негізін қалаушы, BTS Education білім беру жобаларының директоры Саясат НҰРБЕКПЕН әңгімелестік.

– Саясат мырза, өзіңіз Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Сингапурдағы мемлекеттік қызмет колледжінің, АҚШ-тың Индиана штатында Нотр Дэйм университетінің түлегісіз. Айтыңызшы, еліміздегі жоғары оқу орындарының білім беру сапасына қаншалықты көңіліңіз толады?
– Осыдан 6 жыл бұрын еңбек нарығына SMM мамандығы шықты. Ол – әлеуметтік желілерде маркетинг жасайтын маман. 6 жыл өтті, әлі бірде-бір жоғары оқу орны осы мамандыққа оқытпайды. Ең қызығы, еңбек нарығындағы ең тапшы мамандықты жап-жас балалар бакалаврды оқымай-ақ, бірақ аз болса да жиған тәжірибесімен игеріп кетуде. 1-2 апталық курсын оқиды да, қолына берген сертификатымен кемінде айына 350 мың теңге тауып отыр.
Ал еліміздегі жоғары оқу орындары осындай заман талабына сай өзгерістерге, бүгінгі күннің сұранысына жауап бере алмайтындай сондай тұңғиықта деуге болады. Бұл жағдайда алда болатын өзгеріс­терге дайын болатын мамандарды даярлап шығатынына күмән көп.

БӘСЕКЕЛЕСІ БІРЕУ ЕМЕС

– Сіз қандай өзгерістерді меңзеп отырсыз? Университеттер қандай бәсекеге дайын болуы керек?
– Қазіргі таңда онлайн мектептер көптеп ашылуда. Олар қажет болса, бакалаврды 4 жыл оқытады, онлайн үйден шықпай, жұмысыңыз­дан айырылмай білім ала бересіз. Сонымен қатар бұл салаға телефон ойындарын жасайтын компаниялар қосылуда. Бұрын білім мазмұнын ұстаз жасаса, қазір оның орнына ойын құрастырушылар жүр. Себебі білім берудің жоспарын жасау, бюрократия қазір ешкімге керегі жоқ, машық, дағды мен нақты білім қажет. Осы нарыққа кіріп жатқан тағы бір ірі компания – телевизия. Netflix, National Geographic, BBC атап айтуға болады. Көш бастап тұрған BBC миллиардтаған қаржысын білім саласына салып жатыр.
Сонымен қатар білім саласына әлеуметтік желілер қосылды. Ал еліміздегі жоғары оқу орындары бір нәрсені түсіне алмай жатыр. Бұл нарық келесі 5-10 жылда қатты өзгереді. Талапкерге деген бәсеке енді тек қана жоғары оқу орындарындар арасында емес, ірі-ірі компаниялардың арасында болады. Ресейде онлайн оқытуға рұқсат берілген. Үлкен компаниялар бір сәтте миллиардтаған инвестициясын осы жаққа құйды. Фоксфорд, Skyeng, TalentTech сынды онлайн мектептер бар. Ресейдің «Северста́ль» деген үлкен металлургиялық компаниясы қыруар қаржысын осындай онлайн мектептерді ашуға жұмсады. Жылдық таза табысы 5 трлн теңгеден асатын Сбербанк та білім беру саласына инвестиция салуда. Олар елімізге бет бұрған жағдайда 5 жылда біздегі жоғары оқу орындарына түсетіндердің саны азаяды.

БІЛІМ ҚУҒАНДАР САНЫ АРТПАСА, АЗАЙМАЙДЫ

– Еліміздегі жұмысқа жарамды жұрттың 60 пайызы өз мамандығымен жұмыс істемейді. Диплом алу үшін оқуға түскендер бар, не болмаса грант үшін таңдағандар. Енді бірі өз мамандығымен жұмыс та таба алмайды. Жоғары білім беру жүйесін өзіңіз жоғарыда айтқан «тұңғиықтан» шығара алмауымызға не себеп?
– Білім беру саласында ең үлкен мәселенің бірі – қаржыландыру. Өткен ғасырдың 90-жылдары әлеуметтік салалар, оның ішінде білім саласы қажетті қаржыландырудан тыс қалды. Мәселен, Финляндияда ЖІӨ-нің 12 пайызы білім саласына бөлінеді. Бізде сол 90-жылдардан басталған үрдіс әлі сақталып келеді. Білім саласына бөлінген азын-аулақ қаржыға ештеңе де істей алмаймыз. Білім және ғылым министрлігі бірқатар жоғары оқу орындарына қаражат бөлетіндіктен, бәріне біршамада, аз-аздан үлестіреді. Ал білімнің сапасын ондай ақшамен жақсарту мүмкін емес, 600-700 мың теңге жетпейді. Гранттың көлемі өкінішке қарай, сапалы білім беруге жеткіліксіз. Қазір жақсы профессорларды жалдау үшін және жақсы құрал-жабдықтар, оқу материалдарымен, жақсы техникалық базамен қамтамасыз ету үшін кемінде бір студентке 3-4 миллион теңгеден болу керек. Сапалы білім берудің қымбатқа түсетінін түсінуіміз керек. Бұл – өте қымбат бизнес, сапалы білім бергіңіз келсе, көп ақша жұмсаңыз.
Қазір адамдардың өмір сүру ұзақтығы ұлғаюда. Бұрын адамдар 50-60 жасқа келіп қартайса, қазір 70-80 жаста кәрілік білінеді. Өмір бойы білім алу үрдісі елімізге де енді келіп жатыр. 45-50 жаста да білім алып студент болып жүргендерге таңғалмайтын болып отырмыз. Өйт­кені оқуға ақшалары бар, жағдайы жетеді. Сосын еңбек нарығы тез үйреніп кетуіне итермелеуде. Сондықтан университеттерге бұрын 28-25 жастағылар оқуға түссе, қазір 18-65-ке дейін. Кез келген қысқа мерзімді курстар болсын, онлайн курстар университеттердің жаңа мүмкіндігін ашады. Білім көп, бірақ индустрия, жұмыс берушілер адамды 4-5 жыл күте алмайды.
Қазір көп теория да, терең білетін маман да керегі жоқ, нақты қолынан іс келетін, тәжірибе үйренгендер керек. Сондықтан екі жылда дайын маман шығаратын мектептер университеттерді озып кетуі мүмкін.
Оқытушыларды, профессорларды шақыру үшін оларға сағат беру керек, ол үшін оқыту бағдарламасын ұзарту қажет. Неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы жалақы алады. Осы механизмді жаңадан қарастыру керек. Қазіргі таңда тез үйрету әдістемелеріне нарық сұранып тұр. Сондықтан олар ұзақ мерзімді сапалы білім беруді емес, қысқа мерзімді білімді практикамен қалай ұштастыруға болатынын зерттеуіміз керек.

ҚАРЖЫ МЕН КАДР

– Білім беру сапасы тек мемлекетке, бюджеттен бөлінетін қаржыға тіреліп отыр ма? Әр университет бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін еңбек нарығына қажетті, білімін нақты істе көрсете алатын кадрларды қалай даярлап шыға алады?
– Гарвард, Стэнфорд университеттерінің өз қаржы қорлары бар. Демеушілерден түскен ақшаны соған салады, оны университеттің дамуына, мықты деген профессорларды тартуға бөледі. Аталған екі университетте 80-100 миллиард долларлық қорлары бар. Бізде бұл да енді дамып келеді. Назарбаев университетінде қордағы қаржы 2 миллиардтан асты. Университеттерге ақша жинақтау керек, мемлекеттен түскен қаржы бөлек, ал қордағы ақша бөлек болуы керек. Яғни корпорация секілді болса, өзінің маркетинг, түлектермен байланыс жағын қолға алуы керек. Бұл жерде ең үлкен жауапкершілік басшылықта болады. АҚШ-та кез келген жоғары оқу орнының басшысының негізгі міндеті – білім сапасы емес, ақша табу, демеушілер іздеу.
Тағы бір айта кетерлігі, нарықта жүрген, мықты деген кадрларды іздеп тауып, университеттерге қалай болсын тарту керек. Өйткені олар университетте ішкі бәсекені туындатады. Оларға қарап басқа бірізділікке салынып кеткен, профессорлар қимылдай бастайды.
Сосын университеттер еліміздегі ірі-ірі компанияларды, беделді жұмыс берушілерді басын құрап, жиындар өткізуі керек. Өзім 2008 жылы сондай Стэнфорд университеті ұйымдастырған ауқымды шарада болдым. Сонда Microsoft компаниясының басшылығы университет түлектері испан тілін жақсы білсе, жұмысқа алар едік деген ұсыныстарын айтып қалды. Ал университет басшылығы айтқандарын түртіп алып, студенттерге 1-курстан бастап испан тілін оқыта бастайды. Кейін университеттің түлектері испан тілін жетік меңгергені үшін сол компанияға жұмысқа бірден қабылданды. Жалпы оқу бағдарламалары жұмыс берушінің талаптарына сай жасалуы тиіс.

ОҚЫТУШЫ ӨЗІН ДАМЫТУҒА ЖҰМЫС ІСТЕСЕ

– Жазушы Мұхтар Әуезов «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» дейді. Тағы «Егер балалар бірдеңені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс» деген қанатты сөз бар. Мүмкін біздегі оқытушылардың білім беру әдіс-тәсілінде жаңашылдық жетіспей жатқан шығар…
– Қазіргі таңда бизнес тренингтар, семинарлар, қысқа мерзімді курс өткізетіндер қаптап кетті. Ал университеттегілер оларды менсінбейді. Сол профессор студентті қысқа мерзімде оқыта алмаса, онда ұзақ мерзімде де оқыта алмайды. Сондықтан университет оқытушылары осы нарыққа кіруі керек. Сабаққа келіп, сағатын санап ақша таба алмай жүрген профессор университетте аз алса да, қысқа мерзімді курстарда сабақ беріп көп ақша табатын тренерге айналуы керек. Бұл – оқытушыларға жақсы жаттығу. Себебі университетте студенттер жақсы балл үшін не айтса да, тыңдап отыруы мүмкін, ал курстарға ақшасын төлеп, нақты нәтиже шығару үшін жазылғандар мылжың сөзді бір минут та тыңдап отырмайды. Оқытушы бір-екі рет ұятқа қалар, кейін ол да жағдайға бейімделіп кетеді. Нәтижесінде оқытушылардың бәсекеге деген түсінігі қалыптасады, университетке қосымша қаржы түседі. Профессорлар материалдарын студенттерге жаңаша форматта ұсынатын болады. Сабақты ойынмен жеткізуді үйренеді. Дегенмен мұны олар өздігінен жасауға қиналады, сондықтан университетке екі маман керек болады. Ол – тез үйрену, безендіру, видео түсіру, оның дизайнына жауап беретін әдістемелік бөлім мен PR маманы.
– Еңбек нарығын біраз зерттедіңіз. Айтыңызшы, биылғы мектеп түлектері қай мамандық түрін таңдаса ұтылмайды?
– Бүгінгі таңда жаңа трендке ілесе алған, әр салада пайда болып жатқан технологияларға ере алған, барлық сала жаңадан келіп жатқан құралдар мен әдістерді меңгере алған мамандықтардың барлығы сұранысқа ие. Мейлі, сіз агро, ауыл, мал шаруашылығында болыңыз, медицина саласында болыңыз, қаржыгер немесе ауыр индустрия маманы болыңыз, жасанды интеллект, роботизация, автоматизация әкеліп жатқан өзгерістерге дайын болсаңыз, демек, орныңызды сақтап қала аласыз. Мәселен, атап айтсақ, киберфизикалық құрылым инженерлері, виртуалды жүйелерді прототиптеуші мамандар, цифрлық жобалаушылар, иммерсивті дизайнерлер, сосын әсіресе big data-мен жұмыс істейтіндер, дата инженерлер, өндірістік салада дрон басқаратын операторлар, киберқауіпсіздік мамандары нағыз жаңа мамандық иелері боп саналады.

ҚАЙСЫСЫ ЖОЙЫЛАДЫ?

– Жаңа мамандықтар атласы бойынша қай мамандықтар болашақта жойылады?
– Кімде-кім өз саласындағы жаңалықтарға ермесе, кәсібін шыңдамаса, білімін арттырып, біліктілігін нығайт­паса, онда қарабайыр жұмысшы деңгейінде қалады да, бара-бара өзінің жұмыс орнынан айрылып тынады. Айталық, қолданушыларға қызмет көрсететін колл орталық қызметкерлері болсын, қоймадағы есеп-қисап қызметкерлері, өнімді не тауарды қаптаушылар, тауарларды сұрыптаушылар, кадр қызметіндегі табель толтырушы секілді ортанқол мамандық иелері, үйден үйге жүгіріп жүретін коммуналдық қызметкерлер, жүк тасушы кәсіптерінің орнын цифровизация, автоматизация, роботизация басады. Себебі роботтар, автоматтар, немесе колл орталығының жұмысын атқаратын чатботтар адамдар сияқты шаршамайды, ауырмайды, демалыс сұрамайды. Бірсарынды жұмыстарды аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат үздіксіз атқара береді. Яғни, болашақта автоматтандыруға бейім, бірсарынды, жоғары интеллектуалдық жүктемені қажет етпейтін, белгілі бір процесті қайталай беретін салалардағы мамандықтар біртіндеп-біртіндеп жойылады.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ – ТАБЫС КӨЗІ

– Әлеуметтік желі, интернет арқылы табыс табуды тұрақты жұмыс көзіне айналдыруға бола ма?
– «We are social» ұйымының мәліметіне сүйенсек, 2020 жылғы көрсеткіш бойынша, Қазақстандағы 18 миллион халықтың 15 миллионы – интернет қолданушысы. Оның ішінде 9,5 миллионы әлеуметтік желілерде белсенді екені анықталған. Осының 8,3 миллионы инстаграм желісінде отырса, ТикТок қолданушылары 800 миллионнан асқан. Бүгінде әлеуметтік желі, интернет арқылы табыс табу тұрақты жұмыс көзіне айналды. Тіпті қазірдің өзінде инстаграмды кәсіп көзіне айналдырғандар саны күннен-күнге артуда. Билл Гейтс бұдан 20 шақты жыл бұрын «Егер сен интернетте болмасаң, онда сен бизнесте де жоқсың» деп айтып кеткен. Сондықтан кәсіпкерлер ғана емес, үкімет, барлық сала мамандары табыс табамын десе, интернеттің барлық мүмкіндігін пайдалануды үйренуі керек.
– Жастар 3-4 ай курс оқып, смм-маман, таргетолог, копирайтер, сторис-мейкер сынды қызметтерді атқаруға құмар. Бұл мамандықтар ұзаққа бара ма? Қаншалықты тұрақты табыс көзі?
– Соңғы кезде осы өзіңіз айтқан смм маман, таргетолог, копирайтер, интернет маркетолог сияқты мамандарды оқытатын курстар күрт артып кетті. Оның себебі де анық. Өйткені әлемнің барлық елінде қарапайым халық пен шағын және орта бизнес интернеттің дәмін тата бастады. Екіншіден, Еуропада бұрыннан бар консультациялық бизнес бізде енді қарқын алуда. Консультациялық бизнесті бұрын нарықта қалыптасқан компаниялар жасаса, әлеуметтік желінің дамып, интернеттің қолжетімді бола бастауымен енді медицина мамандары, психологтар, қор нарығымен жұмыс істейтін мамандар, қаржыгерлер, жеке тұлғаға қызмет көрсететін заңгерлер келе бастады. Бұл салада қызмет көрсетуші мамандар көбеймесе, азаймайды.
Ал енді бұл мамандықтар ұзаққа бара ма дегенге келсек, кез келген мамандықтың бастапқы деңгейі, орташа деңгейі, жоғары деңгейі болатыны секілді, қазіргі таңда интернет мамандардың кәсіби деңгейіне қарай нарықтағы сұранысы өзгере түседі. Айталық, олар әртүрлі каналдар арқылы тоғысқан тұтынушылардың мәліметін зерттеуге көшеді. Сол арқылы желідегі жарнама шығынын азайтып, тұтынушылардың бет-жүзін танып, олардың санын әрі қарай да арттыра алады. Мұны омниканал маркетинг деп те айтуға болады. Ал осындай мәліметтер арқылы нақты бір шешімге келіп кәсібін әрі қарай жүргізсе, оны Data Driven Business дейді. Яғни, бұл – мәліметтерге сүйене отырып бизнес жүргізу. Міне, былай қарағанда, екінің бірі жасай алатын сияқты болып көрінетін SMM мамандарының, интернет маркетологтардың түбінде баратын жолы – осы. Бұл – кәдімгідей жұмыс, толыққанды бизнес, тұрақты табыс көзі. Сондықтан жауабым, таргетолог та, копирайтер де, веб аналитик те, мессенджер маркетолог та өзін заман талабына сай дамытып отырса, болашаққа сеніммен қарай алады.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ