Шәкәрім университетінің жас ғалымы, PhD доктор Алексей Кливенконың «Полиэлектролит кешендері негізінде қарағайды жеделдетіп өсіру технологиясын әзірлеу» жобасымен таныстырғанды жөн көрдім.
Жобаның идеясы – Абай облысында орналасқан бірегей қарағайдың көбеюін айтарлықтай жеделдетуге тиімді ағаш көшеттерін, сондай-ақ табиғи ортада қарағай көшеттерін өсірудің инновациялық технологиясын жасау болып табылады. Бұл технология қарағайлы орманды қалпына келтіруге, көшеттердің өмір сүру жылдамдығын айтарлықтай арттыру мәселесін шешуге өз септігін тигізеді.
Ғұлама философ Шәкәрім атамыз «Білімсіз, ғылымсыз өнер табылмайды» — дегендей, бұл заманауи технологияны қоршаған ортаның игілігіне пайдаланудың озық үлгісі деп білемін. Қарағай орманы осы аймақтағы биоәртүрлілік пен табиғатты қорғаудың кілті іспеттес. «Бір тал кессең, он тал ек» — дегендей, ормандарды қалпына келтіруге бағытталған бұл қадам біздің болашақ ұрпақтарымыз үшін аса маңызға ие деп бағамдаймын.
«Туған жерге туыңды тік» деген халық даналығын ескерсек, өскен ортамызды абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына атсалысу әрбір тұрғынның азаматтық ұстанымы. Ғылым және жоғары білім министрлігі мұндай жобаларды қашанда қолдауға ниетті. Осы ретте, отандық ғылым мен экожүйені қалпына келтіру мақсатында жасалған бірегей жобаға толымды табыстар мен сарқылмас сәттіліктер тілеймін!
Ел дегенде емірене, жұрт дегенде жүгіне қызмет етіп, ел мүддесіне жұмыс жасайтын жобалар әрдайым баянды болсын!


